«СҚ-Фармация» ЖШС – Бірыңғай дистрибьюторы Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы мемлекеттік мекеме – «Сатып алулар орталығының» өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесудің мақсаты – екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу саласындағы «СҚ-Фармация» ЖШС-нің тәжірибесімен танысу болды. Өзбекстандық тарап Қазақстанның фармацевтикалық өнімдер мен медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алудағы тәсілдеріне ерекше қызығушылық танытты.
Қонақтарды қарсы алып, алғысын білдіре отырып, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатай кездесу барысында серіктестіктің қызметі жөнінде презентация жасады. Ол дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сатып алу тәсілдері, отандық тауар өндірушілерді қолдау, компанияның трансформациясы және мемлекет пен бизнестің өзара әрекеттесуіне ерекше тоқталды.
«Орталықтандырылған сатып алу тәсілі нақты нәтижелер беріп отыр. Бірыңғай сатып алу саясатының арқасында бағаның теңестіріліп, төмендеуі байқалады, соның нәтижесінде жыл сайын шамамен 2 миллион пациент сапалы дәрілік препараттарды алуда. Сатып алулар нәтижесінде бюджет қаражатынан 264,4 млрд теңге үнемделді. Қазіргі таңда Бірыңғай дистрибьютор еліміздегі 2 мыңнан астам медициналық ұйымды, оның ішінде стационарлар мен амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету ұйымдарын орталықтандырылған сатып алумен қамтып отыр», – деп атап өтті Еркен Жақатай.
Өзбек делегациясы өз кезегінде жылы қабылдауға алғысын білдіріп, елдегі сатып алу процестерін автоматтандыруға және сатып алу рәсімдеріне қатысты мақсат-міндеттерімен бөлісті, сондай-ақ бірқатар практикалық сұрақтар қойды.
«Біз медициналық мекемелерге арналған сатып алулар саласындағы озық тәжірибелер мен біліммен алмасуға, сондай-ақ ұйымдарымыз арасындағы тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз. Қазақстан орталықтандырылған сатып алуларды дамыту, процестерді цифрландыру және отандық өндірушілерді қолдау бағытында үлкен жолдан өтті – біз үшін осы тәжірибені қабылдау өте маңызды. Ортақ жұмыс екі тарапқа да пайдалы болады және бізге сатып алу процестерін жақсартуға, ашықтықты арттыруға және Өзбекстан медициналық мекемелерін қажетті әрі сапалы препараттармен қамтамасыз етуге көмектесетініне сенімдіміз», - деді Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Сатып алулар орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Хикматулла Усманов.
Кездесу соңында тараптар екі ұйым арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасасу мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.
Айта кетейік, Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Сатып алулар орталығы» және оның 13 өңірлік филиалы өткен жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап орталық жабық үлгідегі зертханалық жабдықтарға арналған шығын материалдары мен түпнұсқалық дәрілік заттарды тікелей өндірушілерден сатып алуды жүзеге асырады.