Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар
09.04.2025

СҚ-ФАРМАЦИЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРЕНАДА: САЛАНЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІКТІ ТӨМЕНДЕТУ ЖОЛДАРЫ

Алматы қаласында «Фарма Қазақстан және Орталық Азия» III халықаралық конгресі мен көрмесі өтті.

Бұл іс-шараға Қазақстанның фармацевтика саласының көшбасшылары, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да аймақ елдерінің мамандары қатысты. Шарада дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудағы бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС атынан басқарма төрағасының кеңесшісі Вероника Шумейко сөз сөйледі. Конгрестің алғашқы күнінде инвестиция тарту және өндірісті жергіліктендіру мәселелеріне арналған пленарлық сессия аясында кеңесші отандық фармацевтикалық өндірушілерді қолдау шаралары туралы баяндама жасады.

Өз сөзінде ол мемлекет пен бизнестің серіктестігін құрудың маңыздылығын атап өтті, бұл әсіресе саланың тұрақты дамуы, импортқа тәуелділікті азайту және елдің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзекті.

«Қазіргі уақытта фармацевтика саласын одан әрі дамыту үшін мемлекет пен бизнестің өзара тиімді серіктестігін құру аса маңызды. Мұндай ынтымақтастық жаһандық сын-қатерлерге тиімді жауап беруге, импортқа тәуелділікті төмендетуге және халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Вероника Шумейко.

Сондай-ақ, кеңесші бүгінгі таңда Қазақстанның фармацевтика саласында 96 кәсіпорын жұмыс істейтінін, олардың 41-і медициналық бұйымдар, 33-і дәрілік заттар және 22-сі медициналық техника өндіретінін атап өтті. Алайда, импортқа тәуелділік сақталуда: отандық тауар өндірушілердің дәрі-дәрмек өндірушілер арасындағы үлесі 12%-ды, ал медициналық бұйымдар өндірушілер арасындағы үлесі небәрі 10%-ды құрайды. Сонымен қатар, барлық кәсіпорындар GMP және ISO халықаралық стандарттарына сәйкес келмейді.

«Сондықтан қазіргі сын-қатерлер мемлекет те, бизнес те жеке-жеке фармацевтика саласының қажетті тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайтынын айқын көрсетеді. Ресурстарды, тәжірибені және екі тараптың мүмкіндіктерін біріктіруге мүмкіндік беретін өзара тиімді серіктестік қажет», – деді ол.

Іс-шараның екінші күнінде қатысушылар мен сарапшылар өндірістік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу және фармацевтикалық өнімдердің сапасын қамтамасыз етуге байланысты негізгі мәселелерді талқылады. Өз кезегінде келесі тақырыптарға ерекше назар аударылды:

  • Өндірістік тізбектердің тиімділігін арттыру;
  • Фармацевтикалық жүйелерді валидациялау процестері арқылы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау;
  • Технологиялар трансферті және Қазақстан аумағында фармацевтикалық өндіріске заманауи әзірлемелерді енгізу.

«СҚ-Фармация» ЖШС отандық өндірушілерді қолдауды және ұзақ мерзімді келісімшарттар жүйесін дамытуды жалғастырады, бұл тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз етіп, халықаралық сапа стандарттарын енгізуді ынталандырады. Компания басшылығы тек бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанда тұрақты, заманауи және бәсекеге қабілетті фармацевтика саласын құруға болатынына сенімді.

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще